Жақында Қасым Қасабеков Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевпен кездесті. Кездесу барысында қор басшысы құрылыс жұмыстарының аяқталғаны туралы баяндады. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен отбасылар арасында тұрғын үйлерді бөлу мәселелері талқыланды. Әкім орынбасары қор басшысы Болат Назарбаевқа қажетті және өтеусіз көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Қоныстанушылар жаңа үйлерге өте риза. Олар үйлердің ұнағанын жеткізді. Үйлер үлкен отбасылар үшін ыңғайлы әрі кең, сапасы өте жақсы.
Мырзакентте әлі де жойқын су тасқынының салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Кентте жаңа шағын аудан салынды, онда 115 тұрғын үй дайын, қосымша тағы 271 үй салынады. Тұрғын үйлердің жартысы мемлекеттік бюджет есебінен салынатын болады. Екінші жартысы Болат Назарбаев қоры сияқты қайырымдылық қорларының қаражаты есебінен тұрғызылады. Айта кетейік, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры тұрғын үй құрылысын бірінші болып аяқтады.
Қор мақтаралдықтарға жаңа тұрғын үйлер сыйлап қана қоймай, су тасқынынан кейін бірден аудан тұрғындарын белсенді түрде қолдап, 20 тонна бірінші қажеттіліктегі азық-түлік жеткізді және зардап шеккен көпбалалы отбасылардан шыққан 20 баланы сауықтыру үшін жазғы демалыс лагеріне жіберді.
«Салиқалы ұрпақ» қоры 2016 жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды, жетім балаларды емдеу, дәрі-дәрмекке, оқу ақысын төлеуге қаражаты жоқ балаларды қолдау үшін құрылды. Сонымен қатар, қор қазақтың ұлттық дәстүрлерін қолдау, мәдени құрылыстар салу, спорттық іс-шаралар өткізу және басқа да қайырымдылық қызмет бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде.