Көгалдандыруға қордың негізін қалаушы Болат Назарбаев, еріктілер мен журналистер қатысты. Балаларды қоршаған ортаға аялай қарауға үйрету мақсатында «Салиқалы ұрпақ» қоры жанындағы «Береке үй» орталығының 20 тәрбиеленушісі ағаш отырғызу шарасына тартылды.
Алматы облысының Шамалған ауылында Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры 1000 түрлі ағаш көшетін отырғызды. Жасыл желектерді отырғызу науқаны Қазақстандағы еріктілер жылына орайластырылған.
Шамалған ауылының Жібек жолы мен Әлжан ана орталық көшелерінің бойына ағаш көшеттері отырғызылды. Оған келесі ағаш түрлері таңдалды: терек, қарағай, үйеңкі, көріктал, шырша, шетен, қарағаш, сәнтал, көпіршіктал, шаған, қарамала және т.б. Бау-бақша шаруашылық паркінің инженері Юлия Омарованың айтуынша, жасыл желектердің түрлері кездейсоқ таңдалмаған. Ағаш түрлерінің көпшілігі көмірқышқыл газын көптеп сіңіріп, оттегіні молынан бөлетін, сондай-ақ шуды оқшаулайтын қасиетке ие. Бұл болашақта жергілікті жердің экологиясына оң әсерін тигізеді деп күтілуде.