Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры болашақ 100 қариге 300 мың теңгеден грант табыс етті.
«Жастарға қолдау көрсету - «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының жыл сайынғы дәстүрі. Біз қари жолын таңдаған жастарға көмектесуге әрқашан дайынбыз», - дейді «Салиқалы ұрпақ» қорының директоры Қасым Қасабеков.
Грант тапсыру рәсімі бірнеше кезеңмен және бірнеше қалада өтті. Қазақстан медреселерінде оқитын 50 ұл оқушы мен 50 қыз оқушы гранттарды өзара бөлісті.
Стипендия иегерлері Болат Назарбаевтың қорына алғыстарын білдіріп, алған гранттарын туған-туыстарына көмек көрсетуге және діни сауаттарын әрі қарай жетілдіруге жұмсайтындарын айтып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры ағарту және білім беру саласына, оның ішінде діни сауаттылыққа ерекше көңіл бөледі. Бұған дейін қор қаржысына Алматы қаласы мен Алматы облысында 3 мешіт салынған болатын. Сонымен қатар, қор 120 оқушы білім алатын «Үшқоңыр» медресесін азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Оған қоса, 90 баланы қамқорлығына алған «Кәусар» қорына да 2020 жылдан бастап қолдау көрсете бастады.