«2020 жылдың қорытындысы»

«Біз біргеміз»: 2020 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы


Таратылған 1200 азық-түлік себеті, Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендерге 20 жаңа үй, коронавирус індетімен күресуге 150 млн теңге, 1 000 ағаш отырғызу және тағы да басқа игілікті істер – мұның бәрі 2020 жылы Болат Назарбаевтың "Салиқалы ұрпақ" қоры еткен еңбектің нәтижесі.
"Қайырымдылық - адамгершілік белгісі" акциясы
Қор 2020 жылдағы жұмысын жағдайы төмен отбасыларға екінші мәрте азық-түлік себетін таратудан бастады. Еске сала кетейік, 2019 жылы қор 100 мұқтаж отбасыны 1 жыл мөлшерінде азық-түлік себетімен қамтуды көздейтін "Қайырымдылық – адамгершілік белгісі" атты акцияны бастаған болатын. Акцияның мақсаты – қарапайым жандардың азық-түлікке жұмсалатын қаржысын үнемдеп, оны одан да маңызды мақсаттарға қолдануына көмектесу. Барынша көп отбасыны қамту үшін әр жыл сайын алушылардың тізімін жаңартып отыру жоспарланған. 2020 жылдың соңғы нәтижелеріне сәйкес отбасылардың бір бөлігі үнемделген ақшаға қарыздарынан құтылып, балаларын емдетіп, ала алмай жүрген қымбат дәрілеріне қол жеткізген екен. Сондай-ақ, "Салиқалы ұрпақ" қоры 2020 жылдан бастап 90 баланы қамқорлығына алған "Кәусар" қорын азық-түлікпен қамтамасыз ете бастады. 2019 жылдан бері бас-аяғы 1400 азық-түлік себетін таратып, 200 отбасыны тамақтандырды.
«БЕРЕКЕ ҮЙІ» пансионаты
Жағдайы қолайсыз отбасыларда өскен балаларға көмектесу – қордың өзінше бөлек бағыты. "Салиқалы ұрпақ" қорының қарамағында 30-дан астам баланың тәрбиесімен айналысатын "БЕРЕКЕ ҮЙІ" пансионаты жұмыс істейді. Қор ұжымы үшін баланы өмірлік сынақтан алып шығу ғана емес, оны үлкен өмірге даярлап, бойындағы дарынын дамыту да аса маңызды. Сол себепті де, балалар тұрақты түрде әрқилы конкурстартмен жарыстарға қатысып тұрады. 2020 жылдың басында "БЕРЕКЕ ҮЙІНІҢ" тәрбиеленушілері "ЖАРҚЫН ЖҰЛДЫЗ 2020" атты кезекті жарыста бақ сынап көрді. Балалар жарысқа талмай дайындалды. Көрермендерді әсем әнімен қуантып, жүлделі орындарға ие болған олар тәрбиешілеріне мақтаныш сезімін сыйлады.
Covid-19-бен күрес
2020 жыл оңай болған жоқ. Әсіресе, әлемдік коронавирус пандемиясы өмірімізге үлкен сынақ болғаны жасырын емес. Бұл сынақ Қазақстанға наурыздың ортасында келді. Пандемияға әлемдегі ешбір мемлекет дайын емес еді, сондықтан, Қазақстан азаматтарының бірлігі пен ізігілікке ынта танытуы ауадай қажет болды. Сол сәтте мемлекеттің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың үндеуіне құлақ асқан көптеген кәсіпкерлер өз отандастарына қол ұшын созды. Болат Назарбаевтың қоры 150 млн теңге қаржы бөліп, қауіпті инфекциямен күреске өз үлесін қосты. Бұл қаржы коронавирустің зардаптарымен күресуге жұмсалды.
Мақтаааралға гуманитарлық көмек
2020 жылдағы елді дүр сілкіндірген оқиғаның бірі - Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны. Мамырдың 2-жұлдызында Өзбекстанның Сардоба су қоймасынан тасыған су Мақтааралдың 1 000-нан астам шатырын шайып өтіп, талай үйдің шаңырағын ортасына түсіріп, ас-сусыз далада қалдырды. Жан-жақтан жәрдем ұсынған Қазақстан халқымен бірге "Салиқалы ұрпақ" қоры да жақсылықтан сырттап қала алмай, алғашқылардың бірі болып Мақтааралдықтарға 20 мың тонна гуманитарлық көмекті жолдады. Қор басшылығы су тасқынынан зардап шеккендердің ешқайсысы көмексіз қалмауын қадағалап, сын сәтте отандастарының жанынан табылуды басты назарда ұстайды. Азық-түліктен бөлек, қор зардап шеккен отбасыларға 100 мың теңге көлеміндегі қаржылық қолдауын білдірді. Су тасқынының зардаптарын жоюдың шұғыл шаралары атқарылып болғанда далада қалып кеткен 20 отбасына үй салып беруді қорымыз өз мойнына алды. Небәрі бес айдың ішінде құрылыс жұмыстары толық аяқталып, 20 отбасы жаңа үйдің кілтін қолына алып, жаңа шаңырағының босағасын аттады.
Балалар лагері
Жыл сайын "Салиқалы ұрпақ" қоры жазғы және қыстық демалыс лагерлерін ұйымдастырады. 2020 жылғы "OFFLINE демаlike" жазғы лагерінде Мақтааралдағы су тасқынынан зардап шеккендердің балаларын қосқанда аз қамтылған отбасылардан 60 бала дем алу мүмкіндігіне ие болды. Балалар Алматы облысының жазиралы жайлауында дем алып және денсаулығын жақсартып қана қоймай, жаңа достар тауып қайтты.
Құрбан айт құрметіне жасалған садақа
2020 жылы Құрбан айт мейрамы карантин уақытына тап келді. Мұндай қиын кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтары көмекке ерекше зәру болды. Егер бұрын Құрбан айт кезінде аз қамтылған адамдар мешітке келіп, құрбандық етін алып кете алатын болса, 2020 жылы бұл үрдістің жүзеге асуы қиындық тудырды. Мешіттердің жабық болуына байланысты көп адамның жиналуына да тыйым салынды. Соған орай, "Салиқалы ұрпақ" қоры өз бетінше мал алып, құрбан шалып, мейрамның құрметіне аз қамтылған 100 отбасына құрбандықты таратты.
Оқушыларға 1000 ноутбук
Коронавирустің жұғу қаупі оқушыларды білім алудың дистанционды түріне өтуге мәжбүрледі. Алайда, бәрінде бірдей компьютерлік техника жоқ. Аз қамтылған отбасының балалары үшін оқу біршама қиындық тудырды. Бұл мәселені шешу үшін "Салиқалы ұрпақ" қоры 1 000 ноутбук сатып алып, әкімшілік арқылы Алматы мен Алматы облысының аз қамтылған отбасыларындағы үздік оқушыларға таратты. Лайықты да білімді ұрпақ тәрбиелеу "Салиқалы ұрпақ" қорының негізгі мұраттарының бірі емес пе?
Жаңа мешіттің ашылуы
Руханият дамуына үлес қосу - "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының түрлі жобаларды жүзеге асыратын айрықша бағытының бірі. Мешіт салу да осы бағыттағы жобалардың қатарында. Қордың қолдауымен Алматы және Алматы облысында барлығы 3 мешіт салынды. 2020 жылы қордың қаражатынан реті бойынша үшінші "Тәубе" мешіті бой көтерді. Мешіт Талдықорған қаласында орналасқан. Құрылыс 2018 жылы басталған. Құрылысқа арнайы 50 сотық жер бөлінген. Тиесілі жер телімінде мешіт ғимараты, имам кеңсесі, және тахаратхана, яғни дәрет алып, намазға дайындалатын арнайы ғимарат орналастырылған. Мешіттің биіктігі 40 метр болатын екі мұнарасы бар. Күмбездің биіктігі - 10 метр, диаметрі - 18 метр. Жамағаттың жайлылығы үшін мешітте арнайы желдеткіш жүйесі қолданылған және барлық құлшылық залдарында жылы еден салынған. Діни нысан бір уақытта 3 мың адамға дейін сыйдыра алады.
Қоғамдық қор ағаштың түрлі тұқымынан 1 000 көшет екті
Күз мезгілінде "Салиқалы ұрпақ" қоры Шамалған ауылында ағаштың түрлі тұқымынан ұзын саны 1 000 көшет екті. Теректің, қарағайдың, үйеңкінің, шым ағашының, шыршаның, шетен ағашының, қарағаштың, талдың, катальпа, күл ағашының тұқымдары 2021 жылы гүлдеп, өсуін бастап, ауыл тұрғындарын қуанта бермек. Қордың жоспары бойынша, отырғызылған ағаштар осы мекенді құнарландыру, экологияға да игі әсерін тигізеді. Ағаштардың бір бөлігі Шамалғанның орталық көшелері Жібек жолы мен Әлжан ана көшелерінің бойына жолдағы шу мең шаңды ұстап қалу үшін және тұрған жеріне әсем бір көрік беру үшін егілді.
Құран жаттап жүрген болашақ қарияларға 100 грант
Тағы бір айта кетер жайт, 21 желтоқсан Алматы қаласында жүз қабілетті қариға білім грантын тапсырудың соңғы кезеңі өтті. 300 мың теңге көлеміндегі білім грантына Қазақстанның әртүрлі қаласындағы медреселердің студенттері ие болды. Гранттарды тапсыру салтанаты кезең кезеңімен өтті. Медресе студенттері көрсетілген қолдау үшін шынайы алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, "Салиқалы ұрпақ" қорының жұмысы барлық қазақстандық мұқтаждарға жәрдем беруге бағытталған. 2021 жылы қор бұдан да көп отандастарымызға көмектесуді жоспарлап отыр.
E-mail поштаңызды жазыңыз, бiз Сiзге хабарласамыз!
Ерікті болғыңыз келе ме?
Бізбен байланыс
Телефон: 8 727 239 72 08

Email: Salikaly_urpak@mail.ru

Мекен-жайы: Алматы, Алатау ауд., Әйгерім-2 ы/а., Бәйтенев к-сі 55
Copyright ©2021 Барлық құқықтар сақталған