Тұрмысы төмен және мұқтаж адамдарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған жобалар
«Азық-түлік себеті» жобасы
«Салиқалы ұрпақ» қорының қызметі тұрмысы төмен және мұқтаж адамдарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтқанда, оқуға грант және стипендия бөлу, емделуге ақша беру, азық-түлікпен көмектесу және басқа да қайырымдылық шаралары атқарылады.
2019 жылдан бастап «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры мұқтаж 100 отбасыны бір жыл бойы азық-түлік себетімен қамтамасыз ету жөніндегі қайырымдылық акциясын жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда бұл көмекпен 200 отбасы немесе 1189 адам қамтылды.
Көмек алушылардың тізімін қалалық және облыстық әкімдіктер, мешіттер қалыптастырып Қорға береді. Адамдарды көбірек қамту үшін тізім жыл сайын өзгеріп отырады. Азық-түлік себетіне макарон, ұн, күріш, қарақұмық, жұмыртқа, жарма, қант, май, шай, тұз, тәттілер, картоп, пияз, сәбіз сияқты өнімдер кіреді. Бұл акция мұқтаж отбасыларға тамақтан үнемдеген қаржыларын басқа маңызды мәселелерге жұмсауларына немесе экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болу үшін өз ісін ашуға мүмкіндік береді.
Қасым Қасабеков
Қор басшысы
Оқу ақысын төлеу
Қор жұмысының тағы бір маңызды бағыты - қандай да бір себептермен колледжде, университетте немесе шетелде оқу ақысын төлеуге мүмкіндіктері жоқ дарынды балаларға қолдау көрсету. Осы мақсатта 2018 жылдың желтоқсанынан бастап Қор гранттар мен стипендиялар бөледі.
Емнің ақысын төлеу және дәрілік заттармен қамтамасыз ету
Денсаулығы нашар адамдарға көмек көрсетуге де ерекше назар аударады. Қор қымбат операциялардың ақысын төлейді және дәрі-дәрмектер сатып алады. Осылайша, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап Қор 14 адамның денсаулығын жақсартуға көмектесті.
«Тегін такси» акциясы
«Салиқалы үрпақ» қоры 2017 жылдан бастап «Тегін такси» акциясын жүргізіп келеді. Акция аясында 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесінде қыз-келіншектерге тегін қызмет көрсетіледі. Ал Наурыз мерекесінде қаланың барлық тұрғындары мен қонақтары үшін тегін такси іске қосылады. Олардың маршруты Саяхат автовокзалынан басталып Райымбек батыр көшесімен және Алтын Орда базарына дейін жүреді.