"Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қоры Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 000 доллар аударды
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Түркияда жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 500 000 доллар аударды. Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи мен қор басшысының өзара кездесуінен кейін белгілі болды.
Тараптар жер сілкінісінен кейінгі жағдайда «Салиқалы ұрпақ» қоры басқа да қандай көмек көрсете алатыны жөнінде кеңесті. «Қиын кезеңге тап болған бауырлас Түркия халқына «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдады.
Біз жер сілкінісінен зардап шеккендерге 500 000 доллар аудардық. Қаражат алғашқы керек-жарақ заттар мен дәрі-дәрмек сатып алуға және өзге де қажеттіліктер үшін жіберілді. Бауырларымыз бен әпке-қарындастарымыз бастарына түскен қиыншылықты көп ұзамай еңсерсін деп тілейміз!» – деді қор директоры Қасым Қасабеков.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркия еліндегі апатты жер сілкінісінен зардап шеккендерге жедел көмек көрсету үшін 1 миллион доллар қаржы бөлуді тапсырған еді. Жалпы, қазіргі уақытқа дейін қазақстандықтар Түркия тұрғындарына көмек ретінде 2 миллион 849 мың 836 доллар жинады. Барлық қаражат AFAD ресми шотына аударылды.