Жаңалық
10 қыркүйек 2020

Алматы қаласы мен Алматы облысында көпбалалы отбасылардың балаларына 1000 ноутбук таратылды

Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры Алматы қаласы және Алматы облысының білім басқармаларымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары бар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға 1000 ноутбук беру туралы меморандумға қол қойды.

Қашықтан оқыту жағдайында мұндай сыйлықтар балалар үшін өте пайдалы. Барлық ноутбук бейнекамералармен жабдықталған, бұл оқушылардың zoom-конференцияларға оңай қосылуына мүмкіндік береді.

«Қазір, еліміз өте қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр. Біз жаңа талаптарға сай өмір сүруді үйренуіміз керек. Ең бастысы, бір-бірімізге қол ұшын созу. Жақында Үкімет қашықтан оқу үшін ноутбуктері жоқ барлық оқушыны оқу жылы басталғанға дейін қажет техникамен қамтамасыз ету керек деген тапсырма берді. Біз өз тарапымыздан екі өңірдің балаларына көмек көрсетуді ұйғардық. Балаларға жаңа оқу жылында табыс тілейміз!», —деді қор басшысы Қасым Қасабеков.
«Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына балаларымызды ноутбуктермен қамтамасыз етуге көмектескені үшін зор алғысымызды білдіреміз», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли.

Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева өз кезегінде Қор өкілдеріне аз қамтылған отбасы балаларына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. «Оқушылар бірінші тоқсанда қашықтан оқиды. Біз «Салиқалы ұрпақ» қорынан алынған барлық ноутбукті мұқтаж отбасыларға тізім бойынша береміз», – деді.

«Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры қандай да бір себептермен ноутбук сатып ала алмайтын отбасыларға көмек көрсету мақсатында Алматы қаласының білім басқармасына 500 ноутбук табыстады. Біздің мақсатымыз – оқушылардың сапалы білім алуына өз үлесімізді қосу, өйткені білімді ұрпақ – елдің болашағы. Бүгінгі акция арқылы біз балалардың жарқын болашағына үлес қосамыз», - деді Қасым Қасабеков.

Шара барысында Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарының көпбалалы отбасыларына жаңа компьютерлер табысталды.

«Қашықтан оқыту кезінде Алматы қаласының әкімдігі бізге көп көмектесті. Мектептен бізге екі ноутбук және екі сим-карта берілді. Менің алты балам болғандықтан, өкінішке қарай, бізге екі ноутбук жеткіліксіз. Қазір бізге «Салиқалы ұрпақ» қорынан тағы бір ноутбук сыйлады. Біз өте ризамыз. Бұл менің балаларыма оқуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі деп ойлаймын», - деп алғысын білдірді алты баланың анасы Жаңылсын Отбаева.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында оқу жылының басынан бастап Алматы қаласының барлық мектебі қашықтан оқыту форматына көшті.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша бюджет қаражаты есебінен 77 мың мұғалім мен оқушыны компьютерлік техникамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда шамамен 50 мың техника берілді. Қалған техника 15 қыркүйекке дейін беріледі. Ата-аналармен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.