«Салиқалы ұрпақ» қоры Оралдағы көру мүшесі зақымдалған мүгедектертің "Жайық" қоғамдық бірлестігіне көмек қолын созып, оларға өз істерін дамыту үшін тігін жабдықтарын табыс етті.
20 қаңтарда өткен салтанатты шараға Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков, «Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Қадырбеков және т.б. қатысты.
«Жайық» қоғамдық бірлестігінің құрамына көру мүшесі зақымдалған 35 жасқа дейінгі 30 шақты азамат кіреді. Олар жұмысқа тұрудың қиындығы себепті «Салиқалы ұрпақ» қорынан өз істерін бастау үшін тігін жабдықтарын сатып алуға көмек сұрады. Осы жабдықтардың көмегімен жастар сатылымға жарамды дүниелер тігіп, жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
«Жайық» қоғамдық қорының төрағасы Данияр Қадырбеков қор басшылығына алғысын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қоры 2016 жылдың сәуірінде құрылған. Қордың жұмысы нақты әлеуметтік және қоғамдық проблемаларды шешуге бағытталған. Атап айтқанда, тағдыры тәлкекке ұшыраған балалар мен жасөспірімдерге арналған жобалар жүзеге асырылуда. Оған қоса, қор ай сайын Алматы қаласы және Алматы облысындағы аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаржылай қолдау көрсетеді және азық-түлікпен қамтиды. Бүгінгі таңда 130-дан астам аз қамтылған отбасы Қордың қамқорлығында. Қор жанында жұмыс істейтін
«Береке үйі» пансионатында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 30 бала тәрбиеленіп жатыр.